Отандық кәсіпорын 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды, сондай-ақ Ресей, Қытай және Финляндия сияқты елдерден импортты біршама азайтуға мүмкіндік береді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордада шатыр жабындылары мен қасбетті қаптау материалдарын өндіретін зауыттың ашылу салтанатына қатысты. «Metalformer» кәсіпорны «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан.

Мемлекет басшысы кәсіпорынның әлеуеті мен өнім сапасын жоғары бағалады. Зауыт жылына 7,2 мың тонна алюминий профильдерін, 1,0 млн м2 ламинатталған және боялған фиброцементтік панельдерді, 800 мың м2 шатыр және қасбетті қаптау материалдарын шығаруға қауқарлы.

Өндіріс ошағының құрылысы өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Салынған инвестицияның жалпы сомасы 5,2 млрд теңге, оның ішінде 4,2 млрд теңге (80%) «Samruk-Kazyna Construction» АҚ инвестициясы, 1 млрд теңге (20%) «MetalFormer» ЖШС қаражаты.

Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанда 440 мың м² шатыр жабындылары және қасбетті қаптау материалдары өндірілген, алайда импорттың үлесі әлдеқайда көп. Былтыр жалпы құны 16 млн АҚШ доллары болатын 9,3 млн м² өнім сырттан алынған.

Заманауи қондырғылар мен үш өндіріс желісінің арқасында жаңа зауыт нарықтың біршама бөлігін отандық материалдармен қамтитын болады. Ішкі нарыққа шығарылатын зауыт өнімі шетелден импортталатын алюминий профильдерді 15 пайызға дейін, ал шатыр жабындылары мен фиброцемент панельдер импортын 40 пайызға дейін алмастыруға мүмкіндік береді. Материалдар азаматтық, әкімшілік және өнеркәсіптік ғимараттардың құрылысында пайдаланылады деп жоспарлануда.

Су жаңа өндіріс ошағы импортты алмастыруды дамыту бағдарламасының шеңберінде іске қосылды. Құрылыс материалдарының жергілікті өндірісін дамыту импортқа тәуелділікті азайып қана қоймай, тұрғын үйдің шаршы метр бағасын арзандатуға мүмкіндік береді.

Төрағасының блогы