Наурыздың 11-і Samruk-Kazyna Construction басшысы Мәулен Айманбетовтың төрағалығымен ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысы жіті қарастырылды.  Отырыста Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай мен Ұлытау облыстарындағы білім ошақтарының құрылысы бойынша  сұрақтар талқыланды. Аталған аймақтар Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров жетекшілік ететін бірінші дивизион құрамына кіреді.

Проблемалар бірнеше білім ошағы бойынша кездеседі. Атап айтқанда, құрылысшылар жұмысты баяу атқарып, сәйкесінше кестеден қалып барады. Бұл мердігер ұйымдармен келісімшартты бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін.

"Стинк ТФК" ЖШС Қарағанды облысында 4 жайлы мектептің құрылысын жүргізуде. Оқу орындарының бірі облыс орталығындағы «Гүлдер» шағын ауданында бой көтермек. Учаскедегі процесс сылбыр жүргізілуде, ал қарқынды шаруаға көшу үшін жинақтық трансформаторлық қосалқы станцияның орнатылуын күту қажет. Қондырғы тек сәуірдің біріне қарай жеткізілмек, яғни үш апта мердігерлер қол қусырып отырмақ. «Бұған жол беруге болмайды», - деп атап өтті Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов және мәселені дереу шешуді жүктеді. Себебі, құрылыстың әр сағаты алтындай бағалы.

"ASTI" ЖШС жұмысы бойынша да ескертулер бар. Мердігер Қостанай облысында жаңа форматтағы 3 нысанның құрылысын жүргізуде. Қарқын – жақсы, алайда туындаған кадр тапшылығы проблемасының салдары жұмыс сапасына әсер етуі мүмкін.

Павлодар қаласындағы 600 орынға шақталған жайлы мектептің сұрағы да әлі шешімін таппады. «VentKarkaraServis» ЖШС тұрғызып жатқан нысан аумағында кәріз жүйесінің желілері бар, оны учаске сыртына шығару қажет. Жұмыс жергілікті атқарушы органдар ақпанның 23-іне дейін аяқтайды деп сендірген еді. Алайда, шаруаның әлі екі айға созылып кету қаупі бар. Істі тездетіп, мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, шешу жолдарын табу үшін әкімдік өкілдерімен бірлесіп қарастыру керек.

Жайлы мектептерді интернет және жиһазбен қамту сұрақтарын да үнемі назарда ұстаған жөн. Соңғысын таңдауды білім басқармаларымен ақылдасып жүргізу қажет делінді жиын барысында. Тауар өндірушілердің тізімін жергілікті кәсіпкерлер палатасының өкілдері де міндетті түрде бекітулері тиіс. Шаруа қазір Қарағанды, Павлодар мен Абай облыстарында белсенді атқарылып жатыр.

Төрағасының блогы