Алматы қалалық білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған кездесуге «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, «Атамекен» ҰКП, мердігер ұйымдардың өкілдері, мектеп директорлары, сондай-ақ, жиһаз, технологиялық құрылғылар мен құрылыс материалдарын шығаратын отандық компаниялар қатысты.

     Жиын барысында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мониторинг тобының жетекшісі Қуат Жылқыбаев ұлттық жобаға қатысу үшін бизнесмендерге қойылатын талаптарды қайталап шықты. Атап өтілгендей, жайлы мектептерге жиһаз тек отандық өндірушілерден сатып алынады. Ол үшін кәсіпкерлер «Самұрық-Қазына» қорының және «Атамекен» ҰКП отандық өндірушілер тізіліміне енгізілуі тиіс. Бизнес өкілдерінде «СТ-KZ» сертификаты және/немесе индустриялық сертификатының болуы да маңызды. Соңғы талап - компаниялар «ҚазҚСҒЗИ» АҚ қалыптастыратын сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогына (АГСК) енгізілуі қажет.

     Талаптарға сай келмейтін кәсіпкерлерге асыққан жөн. Сертификаттарды алып, жоғарыда аталған базаларға енгізілгеннен кейін, бизнесмендерге ұлттық жобаның есігі ашық. Іскер жандар бірінші және екінші кезекте қолданысқа тапсырылатын жайлы мектептерді жабдықтау процесіне атсалыса алады.

     Өз кезегінде бизнес өкілдері жиһаздың дизайн-жобасын бекітуді сұрады, яғни өндіріске кірісу үшін материалдың түсін анықтау керек. Шаруа жобалау мен құрылысқа жауапты бірыңғай дирекциямен жүзеге асырылып жатыр, апта соңына дейін кәсіпкерлер қажетті ақпаратпен толық қамтылмақ.

     Сонымен қатар Samruk-Kazyna Construction Алматы әкімдігімен жайлы мектептерге арналған жиһаз бен техниканың тізімін бекіту ісін жүргізеді. Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай шаруаның маңыздылығын атап өтті. Басымдық заманауи және сапалы өнімдерге берілмек.

     Кездесу қорытындысы бойынша келесі шешімдер қабылданды:

  • 19 наурызға дейін ҚР Оқу-ағарту министрілігімен бекітіліген тізімге сәйкес негізгі жиһаз түрлерінің үлгілерін қарастырып, бекіту қажет.
  • 20 наурызға дейін ҚР Оқу-ағарту министрілігімен бекітіліген тізімге сәйкес компьютерлік техника мен интерактивті құрылғылардың үлгілерін қарастырып, бекіту керек.

     Аталған шаралар ұлттық жобаның жүзеге асырылуына қазақстандық тауар өндірушілерді тартуға мүмкіндік беріп, сондай-ақ сапасыз және импорттық өнімдердің сатып алынуына тосқауыл болмақ. Ерекше назарды тауарды шетелден жеткізіп, отандық өнім деп ұсынатын компанияларға аудару қажет. Жайлы мектептерді мұндай кәсіпкерлердің жабдықтауына жол берілмеуі тиіс. Әйтпеген жағдайда мердігер ұйымдарды жауапкершілік күтіп тұр.

Төрағасының блогы