Наурыздың 14-15 жұлдыздарында жайлы мектептердің екінші дивизионының жетекшісі Бағдат Азбаев Жамбыл облысында болды. Жұмыс сапары барысында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілі 7 болашақ оқу орнының учаскесін аралап шықты.

Төрт мердігер ұйымның жұмысына төмен баға берілді. «Таразстрой-2004», «Агроспецстрой», «Integra Construction KZ», «Отау-Строй» серіктестіктеріне қарқынды үдету керек, ол үшін құрылысшылар санын арттырып, түнгі кезекті ұйымдастыру жүктелді. Бағдат Азбаев компания басшыларының назарын материал, жиһаз бен техниканы сатып алуда отандық өндірушілерге басымдық беру қажеттігіне аударды. Сондай-ақ, мердігерлерге эксроу-шоттармен жұмыс істеу реті тағы бір мәрте түсіндірілді.

«Агроспецстрой» ЖШС жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптама порталына жүктеу бойынша да көш соңында жүр. Консорциум жетекшісі Тараз қаласының «Шөлдала» тұрғын үй массивіндегі жайлы мектеп құрылысына жауапты. Нысанның жобалаушы ұйымы «Тараз-Технопроект»  серіктестігіне «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жиынтықтау бөлімінің мамандары көмекке келмек. Мұндай шешімді екінші дивизион жетекшісі жұмыс сапары барысында қабылдады.

Егер мердігерлер жүктелген тапсырманы бекітілген мерзімде орындамаса, әңгіме қысқа болмақ. Оған "ТаразҚұрылысИнвест" ЖШС кейсі дәлел. Компания Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Қарасу ауылындағы 300 орындық мектепті салуға ашық конкурсты жеңіп алған болатын. Алайда, шаруаны уақытылы атқармай, арадағы келісімшарт бұзылды.

Бағдат Азбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарының нәтижесі бойынша аймақ басшысының бірінші орынбасары Нұржан Календеровпен кездесті. Жиын барысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының өңірде жүзеге асырылу барысы анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының бастамасы бойынша жайлы мектептер 4 дивизионға бөлінді. Жаңашылдыққа сай, Алматы, Жамбыл мен Жетісу облыстары және Алматы қаласындағы 48 жайлы мектеп екінші дивизион құрамына кіреді. Оған ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша департамент директоры Бағдат Азбаев жетекшілік етеді.

Төрағасының блогы