Наурыздың 14 мен 16 аралығында Амангелді Саттаров жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барып, аймақ басшысы Асхат Шахаровпен кездесті. Жиын барысында тараптар сыртқы инженерлік желілердің құрылысы мәселесін талқылады. Бүгінде әкімдік 5 жобаны әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып қойған. Тағы 9 ЖСҚ бойынша шаруа ағымдағы айдың соңына дейін аяқталмақ.

Жайлы мектептердің маңындағы аумақты абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындау ісі қатар жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейік, болашақ оқу орындарын автокөлік жолдары, тротуар, жарық және автобус аялдамаларымен жергілікті атқару органдар қамтамасыз ету тиіс.

Іссапары барысында Амангелді Саттаров Ақтөбе облысында бой көтеріп жатқан 14 жайлы мектептің құрылыс алаңын аралап, учаскедегі жұмыстарды бағамдап шықты. Мердігерлермен жергілікті тауар өндірушілерді қолдау сұрағы да көтерілді. Ол үшін білім ошақтарының іргетасын кеңейту туралы шешім қабылданды. Бұл нысандар қасбетін жергілікті кірпішпен қаптауға мүмкіндік бермек.

«BIGlobal» және «Bazis Construction» серіктестіктерінің жұмыс қарқыны көңіл көншітпейді. Мердігерлерге құрылыс процесін 2-3 кезекте жүргізу тапсырылды. Бұл туралы Амангелді Саттаров пен облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаевтың кездесуі барысында айтылды. Жиында тараптар 2024 жылдың 1 қыркүйегінде қолданысқа тапсырылуы тиіс жайлы мектептердің тізімін бағамдап, бекітті.

Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында заманауи форматтағы 18 білім ошағының құрылысы жоспарланған, оның 14-і ағымдағы жылдың соңына дейін халық игілігіне тапсырылуы тиіс.

Төрағасының блогы