1989 жылдан бастап бүкіл әлемде 28 сәуір Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні болып белгіленді.

Биылғы жылдың тақырыбы «Қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасы – еңбек саласындағы негізгі қағидат және құқық».

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін өткізу идеясы жұмыс орнында зардап шеккен қызметкерлерді еске алу күнінен бастау алады. Бірақ 2003 жылы Халықаралық еңбек ұйымы бұл күнді зардап шеккендерді еске алу үшін емес, жұмыста жарақат алу және сырқаттану фактілерінің алдын алу үшін атап өтуді ұсынды. Осы кезеңнен бастап Бұл күн еңбекті қорғау мәдениеті идеясын насихаттайды.

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің негізгі мақсаты - өндірістік жарақаттану және қолайсыз еңбек жағдайлары проблемаларына жұмыс берушілердің, қызметкерлердің, жұртшылықтың назарын аудару, сондай-ақ осы мәселелерді шешуге ықпалдасу.

Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша әлемде күн сайын орта есеппен 5000-ға жуық адам жұмыстағы жазатайым оқиғалар мен өндірістегі сырқаттанушылықтан қайтыс болады. Ал оқыс оқиғаларға тергеу жүргізген комиссиялардың дерегінше, әрбір үшінші жазатайым оқиғаға жұмыс процессін дұрыс ұйымдастырмау себеп болған. Тағы бір маңызды себеп – қызметкерлер еңбек және өндірістік тәртіпті, қауіпсіздік нұсқаулықтарын бұзғандықтан осындай жағдайға тап болып жатады.

Өндіріс мәдениеті мен еңбекті қорғау мәдениеті бір-бірімен тығыз байланысты. Жұмыс күнін қауіпсіздікке көңіл бөлуден бастау жақсы дәстүрге айналсын. Қай жерде жұмыс істесеңіз де Сіздің өміріңіз бен денсаулығыңыз ең үлкен құндылық екенін ұмытпаңыз. Бәрі өз қауіпсіздігіңізге деген саналы көзқарасыңызға байланысты.

Еңбекті қорғау күнінде әрқайсыңызға атқаратын жұмыстың сапасы мен ұжымға қамқорлығыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Еңбек жолында ешқандай қиындық кездеспесін, жұмыс тек бақыт пен қанағат әкелсін! Өйткені, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеу — әр адамның құқығы!

Төрағасының блогы