Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй - Дағдарысқа қарсы бағдарлама мен «Нұрлы Жер» бағдарламасындағы бағыттардың бірі.  Samruk-Kazyna Construction 10 жыл бойы аталған бағдарламалардың операторы болды. Қанша баспана қолданысқа берілді, жалдау ақысын кешіктірсе, өсімпұл қалай есептеледі және қандай жағдайда баспананы басқаларға жалға беруге болады? Осы және өзге де сұрақтарға осы материалда жауап береміз.

Мемлекеттік бағдарлама қашан басталды? SK Construction қанша пәтерді пайдалануға берді?

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ отандық құрылыс саласын дамыту мақсатында 2009 жылдың 6 наурызында құрылды. Компания дағдарысқа қарсы бағдарлама және «Нұрлы жер» бағдарламасының операторы болды.

Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында Астана және Алматы қалаларында 4,5 мыңнан астам пәтер берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы баспана» бағыты бойынша еліміздің 12 өңірінде 10 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді.

2019 жылдан бастап Samruk-Kazyna Construction сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы баспана бағыты бойынша мемлекеттік бағдарламалардың операторы болып табылмайды, осыған байланысты жаңа нысандар салу жоспарланып жатқан жоқ.

Құқықтар мен міндеттер: кім не үшін жауап береді?

 SK Construction жалға беруші ретінде:

  •  келісімшарт шеңберінде жалға алушының тұрғын үйді кедергісіз пайдалануын қамтамасыз етеді;
  • жалға берілген баспананы 2 жылда 1 рет тексереді, ал бір ай бұрын жалға алушыларға тексеріс туралы жазбаша хабарлама жіберуі тиіс;
  • ресми шағым түскен жағдайда жоспардан тыс тексеріс жүргізуге құқылы;

Жалға алушы міндетті:

  •  жалдау ақысын және коммуналдық қызметтер бойынша шығындарды уақтылы төлеуге;
  • баспана және жалпы пайдалану орындарын таза және тәртіпте ұстауға;
  • баспана үшін мүлік салығын төлеуге;
  • жыл сайын мүлікті сақтандыруға;
  • жалдау құқығын өтеусіз пайдалануға немесе кепілге бермеуге, сондай-ақ ұйымдардың жарғылық капиталына салым ретінде бермеуге;
  • келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін пәтерді мерзімінен бұрын сатып алуға.
  • жалға алу құқығын үшінші тұлғаға беруге болмайды;
  • SK Construction жазбаша келісімімен ғана баспананы үшінші тұлғаларға жалға беруге (субаренда)  болады;
  • жалға алу кезеңінде пәтердің ішкі жобасын өзгертуге тыйым салынады;
  • күрделі жөндеу тек жазбаша келісіммен жасалады;

Ай сайынғы жалдау ақысын кешіктіріп төлесе не болады?

 

Егер жалға алушы жалдау ақысын уақытылы төлемесе, Samruk-Kazyna Construction оның қарыздарын кепілдік төлемнен алуға құқылы. Кепілдік төлем дегеніміз – бұл міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін әрбір жалға алушы Samruk-Kazyna Сonstruction шотына аударатын 3-5 айдың жалдау ақысына тең сома.

Берешек кепілдік төлемнен алынғаннан кейін жалға алушыға төлем мерзімдерін бұзғаны туралы хабарлама жіберіледі. Егер ол бір ай ішінде жалдау ақысын өтемесе, онда материалдар құқықтық сүйемелдеу департаментіне жіберіледі. Бұл шара нәтиже бермеген жағдайда, құқықтық қолдау департаменті сотқа шағым түсіріп, жалға алушымен келісімшартты бұзу және оны баспанадан шығару процесі басталады.

Өсімпұл қалай есептеледі және оның сомасы қанша?

 Егер жалға алушы жалдау ақысын мерзімінде төлемеген болса, онда әрбір кешіктірілген күн үшін оған жалдау ақысы сомасының 0,1% мөлшерінде өсімпұл есептеледі.

 Өсімпұл былайша есептеледі:

 Мысалы, жалға алушының ай сайынғы төлемі 100 000 теңге. Төлем күні әр айдың 20-сына дейін деп белгіленген. 20 мамырда ол жалдау ақысын төлемеді делік. Егер жалға алушы берешекті 25 мамырда өтеген болса, кешіктірген 5 күн үшін оған 500 теңге мөлшерінде өсімпұл есептеледі.

Жалдамалы баспананы сатуға немесе үшінші тұлғаларға жалға беруге (субаренда) бола ма?

 

Пәтерді сатудың бір ғана жолы бар: егер ол жеке меншікте болса. Келісімшарт талаптарына сәйкес, кез-келген жалға алушы пәтерді/тұрақ орнын/коммерциялық бөлмені мерзімінен бұрын сатып ала алады. Осыдан кейін ол өз мүлкін сатылымға қоя алады.

Тұрғын үйді үшінші тұлғаларға жалға беруге (субаренда) мүмкіндік бар. Ол үшін жалға алушы Samruk-Kazyna Construction компаниясына жүгініп, жазбаша рұқсат алуға міндетті. Алайда, көбі бұл ережені елемейді. Егер жалға алушы пәтерді келісімсіз жалға бергені анықталса, оған 4 жалдау ақысы мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді. Бұзушылықтарды анықтау үшін тексерістер жүргізіледі.

Жалдау ақысын уақытылы төлемейтін проблемалы жалға алушылардың дені пәтерлерді үшінші тұлғаларға жалға беретіні анықталды. Алайда, олар түскен табысты қарыздарын өтеуге жұмсамайды.

Жалдау ақысын қалай төлеуге болады?

Жалдау ақысын төлеудің бірнеше әдісі бар:

- Halyk Bank терминалдары

- Homebank мобильді қосымшасы

- post.kz терминалдары, мобильді қосымшасы және web-сайты

- банктердің кассалары («Samruk-Kazyna Construction» АҚ деректемелері бойынша)

Толық нұсқаулық пен мәліметтерді ресми сайттан төмендегі сілтемелер арқылы көруге болады:

https://skcn.kz/ru/page/instrukciya-po-oplate (нұсқаулық)

https://skcn.kz/ru/page/rekvizity-dlya-oplaty (деректемелер)

Төрағасының блогы