Ұлттық жоба аясында Жамбыл өңірінде барлығы 12 білім беру нысанының құрылысы жоспарланған.

7 мектеп 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Барлық нысандардың мердігерлері анықталды. Олар келісімшарттарға қол қойып, алдын-ала төлем алып, құрылысқа дайындықты бастап кетті.

Жамбыл өңіріне жұмыс сапарымен барған Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы дайындық барысымен танысты. Мәулен Айманбетов жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге жайлы мектептер салынатын бірнеше жер учаскесін аралады.

Мысалы, Тараздағы 15-ші шағын ауданда 1200 орындық жайлы мектеп салынады. Бұл аудан жаңа болғандықтан мектеп қажет еді. Бүгінде мердігер учаскені құрылысқа дайындауға кірісіп кеткен: оны тазалап, қоршау орнатып, құрылыс техникасын жұмылдыра бастады. Төраға қолданыстағы инженерлік желілерді аумақтан шығарып, жергілікті атқарушы органдарға беруді тапсырды.

13 шағын ауданда да оқушы орындарының тапшылығы қатты сезіледі. Мұнда да 1200 орындық мектеп салынбақ. Алайда инженерлік коммуникацияларды бөлшектеу мәселесі өзекті тұр. Басқарма төрағасы проблеманы сол жерде шешті: бұл іспен жергілікті атқарушы органдар айналысатын болды. Бірақ бұл жалғыз проблема емес.

«Инженерлік-геологиялық зерттеулердің нәтижелерін мүмкіндігінше тезірек алып, жобалауды жеделдету қажет. Әйтпесе, үлгермейсіздер. Оның үстіне, жер телімінің қасында құрылысы аяқталмаған ғиамрат тұр. 5 жылдан астам уақыт бойы жұмыстар тоқтап тұр. SK Construction оған инвестиция салып, жобаны соңына дейін жеткізеді»,-деді Samruk-Kazyna Construction басшысы және осы екі жобаны біріктіруді тапсырды.

«Жобалаушы мамандардан нақты ұсыныстар күтемін. Айтпақшы, ғимараттар арасында ені кемі 6 метр болатын жол қалдыру керек. Бұл өрт қауіпсіздігі үшін қажет», - деді Айманбетов.

Ал Қордай ауданы Қарасу ауылының жұрты 300 орындық жайлы мектеп есігін айқара ашар күнді асыға күтіп жүр. Себебі, ауыл мектебі шамадан тыс жүктелген, балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Алайда, құрылысқа дайындық барысына Мәулен Айманбетовтың көңілі толмай, мердігерге олқылықтарды тез арада түзетуді тапсырды.

«Еске салайын, егер мердігер жұмыстарды орындау мерзімін кем дегенде екі рет 7 күннен артық уақытқа кешіктірсе, келісімшартты біржақты тәртіппен бұзып, мектептің құрылысын басқа компанияға береміз. Барлық жайлы мектептерді уақытылы салып, тапсыру үшін осындай қатаң шаралар қабылдап жатырмыз», - деп ескертті Төраға.

Айта кету керек, мердігерлер SK Construction басшысының барлық тапсырмаларын келесі күні орындай бастады және барлық кемшіліктерді түзетуге кірісіп кетті. Бұл өңірлерді аралап, жергілікті жерлерде өзекті проблемалық мәселелерді талқылаудың қаншалықты тиімді екенін көрсетеді, әрі үздіксіз коммуникация осындай маңызды жобаны сәтті жүзеге асыруға көмектесетінін тағы бір дәлелдейді.

Жамбыл облысында барлығы 446 мектеп бар. Оқушылардың саны 240 мыңға жуықтайды. Өңірде үш ауысымды 4 мектеп және апатты жағдайдағы 1 мектеп жұмыс істеп тұр. Ал ұлттық жобаның арқасында өңір бойынша 9,5 мың қосымша оқушы орны ашылады. Айтпақшы, жобаның бірінші кезеңінде-ақ 6 мыңнан астам орын пайда болады.

Айманбетов, жайлы мектептердің ерекшелігі мен артықшылықтарына бөлек тоқталды.  Жаңа білім ошақтарында кабинеттер мен спортзалдар саны көбірек болады. Осының арқасында ғимараттар кең әрі ыңғайлы болады. Мысалы, егер 300 орындық жайлы мектепте бір спорт залы болса, 600 орындық мектепте екеу болады: үлкен және кіші залдар. 900 және 1200 орындық мектептерде 3 спорт залы жабдықталады, ал одан да үлкен мектептерде 4 спорт залы болады.

«Жайлы мектептер заманауи технологиялық және инженерлік жабдықтармен, ыңғайлы оқу және корпустық жиһазбен жабдықталатын болады. Жоба өз атына сай болуы керек. Біз балалардың барынша жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуын қамтамасыз етеміз», - деп қорытындылады Айманбетов.

Төрағасының блогы