Мәулен Айманбетов жұмыс сапарымен Қарағанды қаласында болып, бірнеше учаскені аралап, жайлы мектептердің құрылысына дайындық барысымен танысты.

Ұлттық жоба аясында Қарағанды қаласында 8 орта білім беру нысаны салынады. Олардың бірі «Кеңдала» шағын ауданында салынады. Мектеп 2000 оқушыға шақталған. Құрылысқа дайындық кесте бойынша жүріп жатқанымен, учаске арқылы кәріз желілері мен су құбыры өтеді. Басқарма төрағасы мердігер «BI Global» ЖШС желілерді өз күшімен шығаруды ұйымдастыруды тапсырды.

 «Гүлдер» шағын ауданындағы жер учаскесіне ат басын бұрған Басқарма Төрағасы нысанның бас жоспарын қайта қарауды тапсырды. Онда 300 орындық жайлы мектеп салынады. Мердігер – «Стинк ТФК» ЖШС. Жаңа мектеп жұмыс істеп тұрған мектептің жанына салынады, сондықтан мердігер қалалық сәулет бөлімімен бірлесіп, қолданыстағы мектептің учаскесін кесіп, қажет емес шағын сәулет нысандарын алып тастауды жүктеді. Өйткені жайлы мектептің сыртқы спорт нысандары барлық стандарттарға сәйкес болуы тиіс. Айманбетовтің айтуынша, кестеден қалыс қалмау үшін жер қазу жұмыстарын мүмкіндігінше тезірек бастау керек.

«Жобалау кезінде кірме жолдардың болуын қамтамасыз ету қажет. Жолдар мен көлік тұрағы жергілікті тұрғындарға кедергі келтірмеуі маңызды. Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдармен бірге пысықтау қажет», - деді Айманбетов.

Үштөбе ауылында салынатын 300 орындық жайлы мектеп құрылысына дайындық барысына SK Construction басшысының көңілі толмады. «Жұмылдыру өте әлсіз жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті Айманбетов. Мердігер компания «Астана Коктем С» ЖШС учаскені қоршап, бейнебақылау камераларын орнатқан, алайда үш апта бойы мектепті учаскеге орналастыру жұмыстарын бастай алмай келеді. Өйткені зертханадан геологиялық іздестіру қорытындысын күтуде.

«Тағы екі апта күту керек екен. Осылайша бұл шаруаға бақандай  5 апта жұмсалады. Қол қусырып, күтіп отыра беруге болмайды.  Шұғыл түрде зертханадан тиісті қорытындыны алып, мектепті орналастыру жұмыстарын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ, жұмыстарды жедел түрде жүргізуге рұқсат алу үшін тиісті келісімді дайындау қажет. Қазірдің өзінде сіздер кестеден қалып жатырсыздар», - деп ескертті Айманбетов.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарағанды облысында 18 орта білім беру нысанын салу жоспарланған. 10 жайлы мектептің құрылысы биыл басталады, ал 8 мектеп 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ұлттық жоба өңір бойынша 12,5 мың қосымша оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.

Төрағасының блогы