Павлодар қаласында мердігерлік ұйымдардың өкілдерімен кездескен Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов болашақ жайлы мектептердің жобалау-сметалық құжаттамасын сапалы әзірлеуді тапсырды.

«Мектептерді кабинетте отырып жобалауға жол бермейміз. Учаскелерге барып жұмыс істеңіздер, әр шаршы метрді тиімді пайдалану жағын ойластырыңыздар. Егер проблемалар туындаса, SK Construction және жергілікті атқарушы органдарға хабарласыңыздар. Біз еліміздің болашағы балалардың алдында үлкен жауапкершілікті мойнымызға алып отырмыз. Осыны ұмытпау керек», - деді Айманбетов.  

Төраға 1200 оқушыға шақталған жайлы мектеп салынатын Павлодардағы учаскеге барды. Ол «Достық» шағын ауданында орналасқан. Білім ошағы 2024 жылдың соңына дейін тапсырылады. Мердігер компания «Ай-Су Мелиорация» ЖШС шілде айының соңында болашақ мектеп іргетасының жобасын тапсыруды жоспарлап отыр, ол бекітілгеннен кейін құрылысшылар жер қазу жұмыстарына кіріседі.

«Жобадан ауытқуға, құрылыс барысында түзетулер енгізуге болмайды. Нысан тек ЖСҚ бойынша салынуы керек, ал оны сапалы әзірлеу – міндет.  Егер құрылыс жобаға сәйкес келмесе, бұзып, қайтадан саласыздар. Бұл қосымша шығынға әкеп соқтырады. Сол себепті, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек», - деп ескертті SK Construction басшысы.

Айманбетов мектепке кірме жолдарды жобалауға ерекше назар аударды. Автотұрақтар көліктердің өтуіне кедергі келтірмеуі маңызды, бәрі қауіпсіз және ұсақ-түйекке дейін ойластырылған болуы керек. Ал спорт алаңында Төраға еуропалық мектептердегідей ашық бетон трибуналарын орнатуды тапсырды. Оқушылар спортпен айналысқан кезде заттарын сол жерге қоя алады, ал ата-аналар балалардың жарыстары мен жаттығуларын бақылай алады.

«Павлодар – бұл солтүстік аймақ, сондықтан хоккей корты міндетті түрде болуы керек. Сондай-ақ, мектептің периметрі бойынша жүгіру жолағын жасаңыздар: қыста бұл шаңғы трассасы болады, ал жазда балалар кросс жүгіреді. Менің ойымша, дене шынықтыру мұғалімдерінің қуанышында шек болмайды», - деп атап өтті Басқарма Төрағасы.

Биыл Павлодарда 600 орынға шақталған тағы бір жайлы мектептің құрылысы басталады. Ол жұмыс істеп тұрған мектептің жанына тұрғызылады. Бүгінде конкурстық рәсімдер жүріп жатыр, нәтижесі тамыз айының ортасында белгілі болады. Мердігер әлі анықталмағанына қарамастан, Мәулен Айманбетов құрылысқа бөлінген учаскеге барды. Ол қолданыстағы спорт алаңын қайта құру жұмыстарын болашақ жайлы мектептің жобасына енгізуді тапсырды, сондай-ақ қала әкімдігіне аумақты жасыл желектен тазарту үшін қоғамдық тыңдалым өткізуді ұсынды. Сонымен қатар, қалалық коммуналдық кәсіпорындардың күшімен электр кабельдері мен кәріз желілерін шығарған абзал. Айманбетов келешекте бұл жұмыстарға уақыт жұмсамас үшін конкурстық рәсімдердің қорытындысын күтпей, алаңды құрылысқа қазірден дайындай беру керек деп санайды.

Ол сондай-ақ құрылыс компанияларына жоғары талаптар қойылатынын еске салды. Бұл «бір күндік» фирмалар мен жосықсыз мердігерлерді жайлы мектептерді салу бойынша конкурстардан шеттетуге мүмкіндік береді.

«Салықтарын шамадан тыс етіп көрсетіп қойып, конкурста жеңіске жететін компаниялар бар. Кейін олар нысандардың құрылысын шелек жалайтын қосалқы мердігерлерге беріп қойып, өздері айран ішіп құтылады. Біз бұған жол бермейміз», - деп сендірді Айманбетов.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Павлодар облысында 5 орта білім беру нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 2 жайлы мектеп 2024 жылдың, ал 3 мектеп 2025 жылдың соңына дейін салынады. Ұлттық жобаның арқасында облыс бойынша 5,4 мың қосымша оқушы орны құрылады. Оның ішінде 1800 орын 2024 жылдың соңына дейін ашылады.

Пайдалануға берілгеннен кейін барлық жайлы мектептер жергілікті атқарушы органдардың балансына өтеді. Осылайша, жаңа білім беру нысандары мемлекет меншігінде болады, яғни оқыту тегін жүргізіледі деген сөз.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы ел Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жоба апатты мектептерді жоюға, үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуге бағытталған. Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін ел бойынша 369 заманауи мектеп салынады. Бұл 740 мың жаңа оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.

 

Төрағасының блогы