Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков пен өңірге жұмыс сапарымен барған Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов келісті.

Абай облысының Водный кентінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ошағы салынғалы жатыр. Алайда, құрылысқа бөлінген жер учаскесі өте тар болғандықтан ғимаратты отырғызу мүмкін емес. Аумақты кеңейту қажет.

SK Construction басшысымен жеке әңгімелесу барысында өңір әкімінің орынбасары жақын арада жергілікті атқарушы органдар көршілес жатқан бес жер учаскесін сатып алу туралы қаулы шығарады деп уәде берді, өйткені ұлттық жоба шеңберінде жайлы мектеп салу қазір басымдыққа ие.

Абай облысына жұмыс сапары барысында Мәулен Айманбетов Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында салынатын 1200 орындық мектептің құрылыс алаңына да ат басын бұрды. Мердігер компания «AN Group» ЖШС өкілдерімен кездесу барысында Төраға облыс орталығының негізгі көлік артерияларын ескере отырып ғимараттың бас жоспарын қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар, Айманбетов учаскеде жүргізілген инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстарының қорытындысын алу процесін жеделдету міндетін қойды, сондай-ақ бір апта ішінде жер қазу жұмыстарының сызбаларын тапсыруды жүктеді.

Абай облысында биыл 5 жайлы мектептің құрылысы басталып, 2024 жылдың соңына дейін аяқталады. Бүгінгі таңда 2 мектеп бойынша мердігер компания анықталды, ал 3 нысан бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр. Қорытындысы шілде айының соңына дейін жарияланады. 2025 жылы тағы 6 мектеп есігін айқара ашады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде ұзын-саны 11 орта білім беру нысан салынады деп жоспарланған. Игі жобаның арқасында облыста 5,7 мың жаңа оқушы орны құрылады.

Төрағасының блогы