Өткен демалыс күндері Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов болашақ жайлы мектептердің құрылыс алаңын аралады.  Ол жобалау ұйымдарына қауіпсіздік, жайлылық және аумақты тиімді пайдаланудың жоғары стандарттарын ескере отырып, мектептерге іргелес аумақтарды жоспарлауға ерекше назар аударуды тапсырды.

«Біз үшін бірінші кезектегі міндет жобаны мерзімінде іске асыру ғана емес, сонымен қатар дайын мектептердегі қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Бұл үшін балалардың даму қажеттіліктерін, сапалы материалдарды, тиімді әрі ақылмен жоспарланған инфрақұрылымды, қорғалған аумақты, кедергісіз ортаны, демалыс аймақтарын, заманауи спорт алаңдарын ескеретін ойластырылған жобаны әзірлеу қажет», - деп атап өтті Мәулен Айманбетов Орал қаласының Балауса шағын ауданындағы құрылыс алаңын аралау барысында.

Бұл шағын ауданда «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 1500 балаға арналған білім ошағы салынады. Мердігер – «BI Global» ЖШС. Бүгінгі таңда учаске қоршалған, бейнебақылау камералары орнатылған, бірақ әлі күнге дейін жердің өсімдік қабатын алып тастау жұмыстары басталмаған. Айманбетов құрылысқа дайындық процесін жеделдетуді тапсырып, жайлы мектептерге төрт жақтан да кіруге мүмкіндік болуы керек екенін тағы да еске салды. Ол сондай-ақ құрылыс барысындағы қауіпсіздік мәселелеріне назар аударды.

«Жұмысты ұйымдастыру, еңбекті қорғау және қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндеттісіздер. Барлық ережелерді сақтап, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасаңыздар. Мұның бәрін техникалық қадағалау сарапшылары бақылап, маған есеп беретін болады. Бұл жеке мен үшін маңызды», - деп ескертті ол.

Орал қаласының Деркөл кентінде тағы бір жайлы мектеп салынады. Оқу орны 1500 орынға шақталған. Мердігер - "KazConstructionGroup" ЖШС барлық жұмыстарды кестеге сәйкес жүргізіп жатыр және ЖСҚ бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылысқа кідіріссіз кірісуге дайын.

«1200-2500 орындық мектептер жоспар бойынша 2024 жылдың соңына дейін тапсырылуы тиіс. Бірақ келесі оқу жылының басына дейін салып үлгерсеңіздер, нұр үстіне нұр. Балалар келесі 1 қыркүйекте жаңа, заманауи және жайлы мектепке баруы үшін жылдам әрі сапалы жұмыс істеуді өтініп сұраймын. Бірақ, бұл сапаға теріс әсер етпеуі керек. Жобадан ауытқуға және өз бетінше шешімдер қабылдауға тыйым саламын. Барлығы ЖСҚ бойынша салынуы тиіс, бақылау қатаң болады»,-деп ескертті Samruk-Kazyna Construction басшысы.

Айманбетов сондай-ақ Теректі ауданының Подстепное ауылындағы учаскеде болып, 1200 оқушыға арналған мектептің құрылыс алаңын аралады. Мұнда нөсер кәрізін салу мәселесі өткір тұр. Ағызу жүйесі болмаса, көктемгі тасқын кезінде мектеп ғимаратын су басу қаупі бар. Бұл мәселені аудан әкімдігі шешу үстінде. Жергілікті атқарушы органдар нөсер кәрізін жобалау және салу бойынша барлық рәсімдерді бастап кеткен. Аталған  мәселе жайлы мектептердің құрылысы жоспарланған тағы бірқатар ауылда да өзекті тұр.

Мәулен Айманбетов БҚО әкімі Нариман Төреғалиевпен жеке кездесу өткізіп, ұлттық жобаны іске асыру барысында туындаған барлық проблемалық мәселелерді айтты. SK Construction басшысының сөзінше, маңызды тақырыптардың бірі – мектептерге инженерлік желілерді уақытылы тартып, кірме жолдарды кешіктірмей төсеу. Бұл міндет жергілікті атқарушы органдардың мойынында. Өңір басшысы тиісті тапсырмалар беріп, барлық жұмыстардың мерзімге сай орындалуын жеке өзі бақылайтынын айтты.

Батыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 18 жаңа, жайлы және заманауи орта білім ошақтары салынады. 9 мектеп 2024 жылдың соңына дейін өз есігін айқара ашады. Қалған 9 нысанның құрылысы келесі жылы басталып, 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Ұлттық жобаның арқасында облыс бойынша 16,2 мың жаңа оқушы орны құрылады.

Төрағасының блогы