Бүгін Мәулен Айманбетов жұмыс сапары аясында Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласы және басқа да елді мекендердегі жер учаскелерін аралап, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында оқу орындарының құрылысына дайындық барысын тексерді.

Басқарма Төрағасы құрылыс алаңдарын аралауды Ақтау қаласының 33 шағын ауданынан бастады. Онда биыл 1200 орындық жайлы мектептің құрылысы басталмақ. Бас мердігер «СК А-Строй монтаж» ЖШС дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Әзірге инженерлік-геодезиялық зерттеулердің нәтижесін күтуде. Осыған ұқсас оқу орны облыс орталығының 19 шағын ауданында салынады. Құрылыс салушы – «Еврострой-А» компаниясы. Төрағаның сапары барысында ғимаратты орналастыру мәселесі шешілді.

SK Construction басшысы 300 орындық жайлы мектеп салынатын «Рауан» тұрғын алабына да барды. Жергілікті тұрғындар жаңа білім ошағының бой көтеретініне шексіз қуанышты, өйткені балалар елді мекеннен 5 шақырым жерде орналасқан Өмірзақ ауылындағы мектепке барып, оқуға мәжбүр. Бұл жайлы мектепті «Құрылыс Инвест Групп» ЖШС салады. Батыр ауылының Самал шағын ауданындағы тағы бір мектептің құрылысына «АС Құрылыс» ЖШС жауапты. Ғимарат 1200 оқушыға шақталған. Бұл учаскелерде проблемалық мәселелер жоқ, барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Алайда, Басқарма Төрағасы мердігер ұйымдардың өкілдеріне дайындық жұмыстарының мерзімдерін сақтау, атап айтқанда құрылыс алаңдарын қоршау мен техниканы жұмылдыру жұмыстарын жеделдету қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, Айманбетов инженерлік желілерді (сумен жабдықтау, кәріз, интернет) уақтылы тартып, мектеп аумағына төрт жақтан да еркін кірберісті қамтамасыз ету үшін кірме жолдарды салу қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапарының соңында SK Construction Басқарма Төрағасы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті. Олар аймақ басшысының жауапты орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы және «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өңірдегі өкілінің қатысуымен отырыс өткізді.

«5 мектеп бойынша келісімшарттар жасалды, құрылыс алаңдарында еңбек және басқа да ресурстарды жұмылдыру жұмыстары басталды. Тағы 5 білім беру нысаны бойынша конкурстық рәсімдердің қорытындысы шығарылып, мердігерлер анықталды, ал 3 мектеп бойынша конкурстардың нәтижелері осы аптада белгілі болады. Жобалау-сметалық құжаттама бөлігінде жұмыс жобасын әзірлеу жүргізілуде, құжаттама 2023 жылғы қыркүйекте мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамаға толық көлемде ұсынылатын болады», - деп хабарлады Айманбетов.

Мектептерді инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету, кірме жолдарды, автотұрақтарды салу, сондай-ақ құрылыс барысында жергілікті материалдар мен тауарларды пайдалану мәселелері талқыланды. Айманбетов білім беру саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарынан SK Construction өңірдегі өкілі, мердігерлік ұйымдар және басқарма басшыларының қатысуымен ұлттық жобаны іске асыру жөнінде апта сайын жиналыстар өткізуді, сондай-ақ жергілікті жерлердегі ахуалды күн сайын бақылап отыруды өтінді.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев тиісті тапсырмалар беріп, облыста ұлттық жобаның іске асырылуына жеке бақылауды қамтамасыз ететініне сендірді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Маңғыстау облысында 21 білім ошағы салынады. Биыл 13 мектептің құрылысы басталады. 300-600 орындық мектептер келесі жылдың 1 қыркүйегіне дейін, ал 900-2500 орындық мектептер 2024 жылдың соңына дейін тапсырылады. 8 мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Осымен Мәулен Айманбетовтің батыс өңірлерге жұмыс сапары аяқталды, бүгін түнде ол елордаға ұшады. 28 шілде мен 1 тамыз аралығында SK Construction басшысы 4 өңірге барып, 15 құрылыс алаңын аралады, әрі Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдерімен кездесу өткізді. Бұған дейін Айманбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім ошақтарының құрылысына дайындық барысын тексеру үшін еліміздің барлық облыстарын аралап шығуға ниетті екенін айтқан еді. 

«Жұмыс сапарлары кезінде көптеген мәселелер жергілікті жерлерде шешіледі, өйткені менің проблемаларды облыс әкіміне тікелей жеткізуге мүмкіндігім бар. Қазір менде демалыс жоқ, жоспарлы еңбек демалысынан бас тарттым. Ұстанымым – барлық мектептерді сапалы салып, уақытында тапсыру үшін қатаң бақылау және жекргілікті атқарушы органдармен етене жұмыс істеу қажет», - деп атап өтті Басқарма Төрағасы. Оның сөзінше, халық пен ЖАО өкілдері тарапынан тарапынан қолдау бар, өйткені балаларымызға білім берудің қолжетімділігі мен қолайлы жағдайларын қамтамасыз ететін бұл ұлттық жобаның маңыздылығын  бәрі түсінеді.

Төрағасының блогы