Samruk-Kazyna Construction қабырғасында өткен кезекті жиында әрбір жайлы мектепке талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) тарту мәселесі талқыланды. Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов «Қазақтелеком» АҚ өкілдері Әдия Әлімбаева мен Елік Тасболатовты, сондай-ақ «Транстелеком» АҚ өкілі Әнуар Күмпекеевті қабылдады.

Диалог барысында тараптар ынтымақтастыққа ашық екендіктерін мәлімдеді. Өз кезегінде Айманбетов қос компаниядан келесі жылы тапсырылатын 208 жайлы мектепке ТОБЖ тарту қашықтығы, мерзімдері мен бағасын егжей-тегжейлі есептеуді сұрады. Samruk-Kazyna Construction мамандары оқу орындарының құрылысына бөлінген жер учаскелерінің барлық координаттарын береді.

Төрағаның сөзінше, жайлы мектептерге интернет тартумен кәсіби мамандары бар тәжірибелі компаниялар айналысуы керек. Өйткені пайдалануға берілген барлық оқу орындары жылдамдығы кемінде 100 Мбит/сек болатын интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің талабы.

Сондай-ақ, Samruk-Kazyna Construction, жергілікті атқарушы органдар мен мердігерлер арасында құрылыс процесін бейнебақылауды қамтамасыз ету үшін мектептердің құрылыс алаңдарына ТОБЖ жүргізу бөлігінде үшжақты меморандумға қол қою мүмкіндігі қарастырылуда.

Төрағасының блогы