«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында ашық конкурстық рәсімдерде жеңіске жеткен бірқатар мердігер компания басшыларымен жеке-жеке жүздесті. Құрылыс компанияларының өкілдерімен мұндай кездесулер ай сайын өткізілетін болады, өйткені ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында сапаға баса мән беріледі.

«Bazis Construction» ЖШС директоры Александр Беловичпен талқылау барысында учаскелерден желілерді шығару, ескі ғимараттарды бұзу, жасыл желекті кесу, құрылыс техникасын жұмылдыру қарқыны және т.б. мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылды. Компания Алматы, Астана қалаларында, Ақтөбе және Түркістан облыстарында 15 жайлы мектеп салуға ашық конкурста жеңіске жетті.

Атырау облысында 8 мектеп салатын «Каспий Құрылыс ЛТД» компаниясының директоры Жалғас Мырзағалиевпен өткен кездесуде қоршауларға ақпараттық баннерлер орнату, қадалар бойынша сызбаларды ұсыну, сондай-ақ кейбір учаскелерде геологиялық зерттеу нәтижелерін алу бойынша міндеттер қойылды. Мердігер 4 қыркүйекке дейін барлық 8 учаскеде құрылысқа дайындықты толығымен аяқтау, құрылыс техникасын жұмылдыру, барлық мектептердің бас жоспарын бекіту және жер қазу жұмыстарына дайындықты бастау бойынша міндеттеме алды. Егер бұл тапсырмалар мерзімінде орындалмаса, Samruk-Kazyna Construction мердігермен шартты бұзу жөнінде шаралар қабылдайды, өйткені жоспарға сәйкес қыркүйек айының ортасында аталған компания салатын барлық 8 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаға жіберілуі тиіс.

«Мұндай кездесулер ай сайын өткізілетін болады. Барлық проблемалық мәселелерді тез әрі тиімді шешу мақсатында оларды мердігерлік ұйымдардың бірінші басшыларымен жеке талқылау керек. Бұл жер-жердегі ахуалдан ұдайы хабардар болып отыруға да мүмкіндік береді. Бірлесе жұмыс істесек қана біз осы маңызды және ауқымды ұлттық жобаны сәтті жүзеге асыра аламыз. Біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырудан барынша әлеуметтік пайда алу үшін мердігерлеріміздің мүмкіндіктері мен ресурстарды тиімді пайдалануға тырысатын боламыз. Әрбір жұмсалған теңге біздің білім беру жүйесі мен балаларымыздың болашағы үшін барынша оң нәтиже беруі үшін қаржылық және материалдық ресурстарды ұтымды және жауапкершілікпен пайдалану маңызды», - деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов.

«AN groups» ЖШС басшысы Мақсат Шәкіров Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарында салынатын 5 жайлы мектептің құрылысқа дайындығы туралы хабарлады. Мердігердің айтуынша, инженерлік коммуникациялар бойынша проблемалар жоқ.

Пилоттық жобаны іске асырудың өзекті мәселелерін «АРТ-Констракшн» ЖШС басшысы Бейбіт Төлендиев және «Onstustik Construction» ЖШС басшысы Айдын Майусовпен де талқылады. Бұл компаниялар 7 жайлы мектептің құрылысына жауапты. Мердігерлерге Түркістан облысының Жаскешу ауылында салынатын мектептің аумағы бойында өтетін ашық су арнасы мәселесін мұқият зерделеу тапсырылды. Жолдардың орналасуы мен автотұрақтарға арналған орындарды анықтау қажет. Бұл мәселелер жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешілетін болады.

Мұндай кездесулер «BI Global» ЖШС, «Integra Construction KZ» ЖШС және басқа да мердігерлермен өткізілді.

Мысалы, «Integra Construction KZ» басшылығымен өткен кеңесте тез арада шешуді талап ететін бірқатар мәселелер анықталды. Компания Астана, Түркістан, Жамбыл және Ақмола облыстарында 14 жайлы мектеп салады.

Қазіргі уақытта екі учаскеде уақытша электр қуаты жоқ. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп электрмен жабдықтау желілеріне қосылу нүктелерін табу қажет. Болашақта барлық учаскелерді тұрақты электр энергиясы, жылу және сумен қамтамасыз ету маңызды. 4 жер учаскесін кеңету мәселесі де қаралды.

Сондай-ақ, Samruk-Kazyna Construction, жергілікті атқарушы органдар және мердігерлер арасында құрылыс процесін тәулік бойы бейнебақылаумен қамтамасыз ету үшін мектептердің құрылыс алаңдарына ТОБЖ (талшықты оптикалық байланыс желілері) жүргізу бөлігінде үшжақты меморандумға қол қою мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігінің талабы бойынша барлық оқу орындары пайдалануға берілгенше жылдамдығы кемі 100 Мбит/с болатын кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, білім алудағы теңдікті қамтамасыз ету процесі интернет жылдамдығын арттырумен және цифрлық білім беру ресурстарына тегін қолжетімділікті қамтамасыз етумен қатар жүруі тиіс.

Барлық мердігерлер жұмысты уақытында орындауы керек, әйтпесе бұл құрылыс жұмыстарының кешігуіне әкеледі. ЕРС шартына сәйкес, егер мердігер жұмыстарды орындау мерзімін бекітілген кестеден кем дегенде екі рет 7 күннен артық уақытқа кешіктірсе, онда шарт біржақты тәртіппен бұзылады, ал мектеп құрылысы екінші орын алған компанияға беріледі. Егер ол да (2-ші орын алған компания) талаптарға сәйкес келмесе, жаңа мердігер бір көзден сатып алу арқылы анықталады. Мұндай шаралар барлық жайлы мектептерді уақытылы салып, пайдалануға беру мақсатында қабылдануда.

«Жайлы мектеп» – тың жоба. Сондықтан ЖСҚ әзірлеу және құрылыс алаңдарын дайындау үрдісі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жіті бақылауында болады. Мердігерлік ұйымдардың басшыларымен кездесулер және жобаларды егжей-тегжейлі талдау туындаған проблемаларды қысқа мерзімде жоюға және нысандарды бекітілген мерзімдерге сәйкес тапсыруға мүмкіндік береді.

Төрағасының блогы