14 қыркүйек күні Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Мәулен Айманбетов өңірдің жаңа басшысы Асхат Шахаровпен кездесті. Аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысында туындаған мәселелерді талқылап, бірқатар проблемалық жер учаскелерін аралады.

Атап айтқанда, Ақтөбедегі «Батыс-2» тұрғын алабының №7 шағын ауданында 2000 орындық мектеп салынатын жер телімін ауыстыру туралы шешім қабылданды.. Бас мердігер «BI Global» ЖШС білім ошағын 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беруі тиіс. Өз кезегінде, ескі учаскеде ұлттық жобаның екінші кезеңінде сыйымдылығы аз шағын мектеп салу қарастырылып жатыр.

Дәл сол тұрғын алабында 900 орындық жайлы мектептің құрылысына бөлінген тағы бір учаске кеңейтіледі. Құрылысты «Antarium Group» ЖШС жүзеге асырады. Мектепті пайдалануға беру келесі жылдың соңына жоспарланған.

Сондай-ақ, өңір басшысы мен Басқарма Төрағасы Ақтөбе қаласының «Сазды» және «Бауырластар-3» тұрғын алаптарындағы учаскелерді аралады. Сапар нәтижесінде білім ошақтарына төрт жақтан еркін кіреберіс қамтамасыз ету үшін 300 және 600 орындық екі мектептің құрылысына бөлінген жер телімдерін өзгерту және кеңейту туралы шешім қабылданды. Мектептер келесі оқу жылының басына дейін тапсырылады.

Сонымен қатар, Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысына кедергі келтіріп тұрған аумақтағы 1938 жылы салынған тозығы жеткен ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданды. Жобаны «ҚазГидроСпас» ЖШС жүзеге асырады. Мектепті келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Сапар нәтижесінде барлық проблемалық мәселелер шешімін тапты. Өз кезегінде аймақ басшысы ұлттық жобаның өңірде іске асырылу барысын жеке бақылауына алатынын айтты.

«Іссапар барысында жобаны іске асыруды тежеп тұрған осал тұстарымыз анықталды. Ең алдымен, орталық пен өңірдегі мамандардың өзара тиімді байланыс орната алмауы әрі компаниямыздың жобалаушылары мен бас мердігерлер арасында үйлесімді жұмыстың болмауы. Біз барлық жер учаскелерін уақтылы, кідіріссіз құрылысқа дайындау үшін тиімді байланыс орнатып, нақты жұмыс істеуіміз керек»,- деп түйіндеді іссапарын Мәулен Айманбетов.

____________

Анықтама үшін

«Жайлы мектеп»  ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында барлығы 18 орта білім беру нысанының құрылысы жоспарланған. 14 жайлы мектеп 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, қалған 4 мектеп 2025 жылдың соңына дейін есігін айқара ашады. Ұлттық жобанының арқасына бүкіл облыс бойынша 14,9 мың қосымша оқушы орны ашылады әрі 3 үш ауысымды және 2 апатты мектептің мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.

Ақтөбе қаласында 13 жайлы мектеп салынады. Олардың бәрі оқушы орындарының тапшылығы қатты сезілетін аудандарда орналаспақ. Мысалы, халық тығыз қоныстанған Батыс-2 шағын ауданында алынатын 2000 және 900 орындық екі жаңа білім ошағының арқасында №63 және №64 мектептердеғы орын тапшылығы мен үш ауысымды оқыту мәселесі шешілмек.

Төрағасының блогы