Қала әкімдігі ипподромды басқа жерге көшіру бойынша жоба әзірлеп жатыр.

«Жастар» шағын ауданындағы ат жарысы кешенінің орнында бой көтеретін жаңа заманауи жайлы мектеп 1200 оқушыға шақталған. Білім ошағы 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Ұлттық жобаны жүзеге асырып жатқан «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп аталған мектеп құрылысының жол картасын әзірлеп қойған, сондай-ақ нысанға инженерлік желілерді тарту, жол салу және жарықтандыру мерзімдері де белгіленді.

Тағы 2 жайлы мектеп «Восточный» және «Усольский» шағын аудандарында салынады. Әрқайсысы 1200 оқушыға шақталған. Олар да 2025 жылдың соңында пайдалануға берілмек.

Восточный ауданындағы учаске ескі карьердің орнында орналасқандықтан, 4-6 метрге дейін жететін құлама бар. Осыған байланысты жақын арада аумаққа топографиялық түсірілім жасап, оны тегістеугге қажетті шығындар көлемі мен жер асты суларының деңгейін анықтау үшін геологиялық зерттеулер жүргізу қажет. Ал Усольский шағын ауданындағы учаскенің аумағында екі коммерциялық нысан орналасқан. Қалалық әкімдік оларды меншік иесінен сатып алу бойынша рәсімдерді бастады.

Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін Павлодарда жаңа форматтағы 5 орта білім ошағы салынады. 3 мектеп 2025 жылдың соңына дейін есігін айқара ашса, қалған 2-і келесі жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны жүзеге асыру және өңірлік даму департаменті құрылыс бөлімінің жоба жетекшісі Естай Ентібаев Павлодардағы жайлы мектептердің құрылысына дайындық барысымен танысты. Жұмыс сапары аясында ол барлық 5 жер учаскесін аралап шықты.

Ентібаевтан басқа, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Кереку өңіріндегі өкілі Серік Мұқышев, Павлодар облысының сәулет және қала құрылысы, құрылыс және білім басқармаларының басшылығы да жер учаскелеріне ат басын бұрды.

600 оқушыға арналған жайлы мектеп №47 орта мектептің жанында салынады. Пайдалануға беру мерзімі – 2024 жыл. Мердігер – «VentKarKaraService» ЖШС.

Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар аталған құрылыс аумағынан үш кабель желісін шығару ісімен айналысып жатыр. Кәріз желілерін шығару бойынша трассалау мәселесі қаралды. Ахуалмен жіті танысқан Ентібаев мердігерге бірқатар тапсырмалар берді, атап айтқанда, тез арада құрылыс техникасын жұмылдыру және аумақты қоршау жұмыстарын аяқтау, ғимараттың нақты орналасатын жерін анықтау, топырақтың құнарлы қабатын сыру және жасыл желекті кесу бойынша жұмыстарды бастау. Сондай-ақ, техника мен жұмысшылардың санын көбейту қажет.

«Достық» шағын ауданындағы 1200 орындық жайлы мектеп те келесі жылы оқушыларды қабылдай бастайды. Оқу орнын мерзімінде тапсыру үшін мердігер «Ай-Су Мелиорация» серіктестігіне қазірден жұмыс қарқынын жеделдетіп, аумақты құрылыс жоспарының нормаларына сәйкестендіру жүктелді.

Сондай-ақ, компания 26 қыркүйекке дейін жұмыстардың толық кестесін ұсынуы тиіс. Әрлеу жұмыстарын жүргізу үшін қыста уақытша жылумен жабдықтау мәселелері талқыланды. Жергілікті атқарушы органдар инженерлік инфрақұрылым тартуға конкурс жариялап қойған.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Павлодарда салынатын 5 жайлы мектептің арқасында 5,4 мың қосымша оқушы орны ашылмақ. Айта кетейік, биыл облыста 12 мыңнан астам бала алғаш мектеп табалдырығын аттады.


 

Төрағасының блогы