«Samruk-Kazyna Construction» АҚ отандық тауар өндірушілердің «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға қатысуы мәселелеріне арналған онлайн кеңеске бастамашылық жасады. Кеңес жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің департамент директоры Ғалымжан Молдаш, «Мемсараптама» РМК директорының орынбасары Ержан Тикибаев, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әмірин, сондай-ақ жобалаушы ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов жүргізді.

«ЕРС-шарттар шеңберінде тауар өндірушілер тізілімінде немесе «Атамекен» ҰКП отандық өндірушілер тізілімінде тұрған жеке және заңды тұлғалардан жиһаз сатып алуды жүзеге асыруды міндеттейтін тармақ көзделген. Алайда, негізгі пайдаланушылардың пікірін ескеру қажет. Педагогтар оқушылардың қажеттіліктерін жақсы түсінеді және болашақ мектептер үшін қауіпсіз, заманауи және жайлы жиһазды таңдауға көмектеседі. Сондықтан өңірлерде жергілікті атқарушы органдар жиһаз комиссияларын құрды, оларға мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен мұғалімдер кірді», – деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов.

Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері педагогтар мен оқушылар үшін жайлы жағдай жасау басты мақсат екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта біз 7 жобалық қуаты (сыйымдылығы) бойынша жайлы мектептерге кодтары бар жиһаз өнімдерінің тізімін дайындайтын 4 жұмыс тобын құрдық. Оқу орындары бірдей жабдықталады, яғни қалалық және ауылдық мектептер үшін бірыңғай стандарт сақталады. 2023 жылдың 20 қазанына дейін жұмыс тобы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен өз талдауларының қорытындыларымен бөліседі», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.

Осылайша, ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен тізімдерге сәйкес болашақ жайлы мектептерді жарақтандыра алатын отандық тауар өндірушілердің өз тізбесін ұсынуы тиіс.

«Сапалы және заманауи жиһаз шығаратын отандық өндірушілердің ұлттық жобадан шет қалмауы өте маңызды. Біз сындарлы ұсыныстарға ашықпыз және мәселелерді шешу мақсатында ынтымақтастыққа дайынбыз»,-деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов.

 «Атамекен» ҰКП үшін «Мемсараптама» РМК қарауындағы жобалық-сметалық құжаттаманы қарап, зерттеуге мүмкіндік беріледі.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметтің қаулысы бойынша жауапты мекемелердің бірі болып табылады, ол жайлы мектептерді жобалау және мемлекеттік сараптамадан өту кезеңінде ескертулер беруге тиіс», - деп қорытындылады «Мемсараптама» РМК директорының орынбасары Ержан Тикибаев.

Оқу-ағарту министрлігі мен «Атамекен» ҰКП мақұлдаған кодтары бар жиһаз бен жабдықтар жайлы мектептердің ЖСҚ-на енгізіліп, мемлекеттік сараптамаға жіберілетін болады. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін болашақ оқу орындарының мердігерлері offtake-келісімшарттар жасасу арқылы жиһаз өнімдерін сатып алуға тиіс.

Айта кету керек, жайлы мектептерге арналған технологиялық жабдықтардың кепілдік мерзімі кемінде 3 жыл болуы тиіс және тікелей өндірушілерден сатып алынуы шарт. Сондай-ақ, ел аумағында жабдықтарға сервистік қызмет көрсету және мектеп қызметкерлерін пайдалануға үйрету мүмкіндігі міндетті түрде ескеріледі.

 

Төрағасының блогы