18 қазан Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов жайлы мектептердің мердігерлері және жобалаушы ұйымдарымен кездесті. Жиын барысында ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысы 20-ға жуық компанияның өкілдерімен талқыланды.

«Antarium» ЖШС Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарындағы 7 жер учаскесінде еңбектенуде. Құрылыс алаңындағы процесс ойдағыдай жүргізіліп жатыр, жобалаушы ұйыммен де араларында түсіністік бар. Қажетті техника мен жұмыс күші жұмылдырылғандықтан, компания жайлы мектептерді тұрғызуға дайындықты кестеге сай атқарып келеді.

«СК-А-строймонтаж» серіктестігі Маңғыстау облысында 3 жайлы мектепті салу бойынша ашық конкурсты жеңіп алған. Жер қазу жұмыстары аяқталмаған, учаскеде қоршау жоқ, бейнебақылау камералары желіге қосылмаған – құрылыс алаңдарындағы көрініс осы. Мұндай жағдай жарықтың тартылмағанынан және аймақтың құмды болғанынан орын алды деп ақталды мердігер. Компания өкілдері 24/7 жұмыс істеп, барлық олқылықтарды бір аптаның ішінде жоюға уәде етті. Сондай-ақ, атқарылған шаруа бойынша күнделікті есеп бермек.

Дүйсенбіден екіауысымды кестеге «Asti» серіктестігі де көшеді. Компания Қостанай облысында үш және Астана мен Петропавл қалаларында бір жайлы мектептен тұрғызбақ.  Күні-түні еңбек етуге мердігерге учаскелердің электр желісімен қамтылмағаны кедергі келтірген көрінеді. Мәселені келесі аптаға дейін шешіп, қосымша техника мен күшті жұмылдырмақ.

Жиында «Курылысинвестгрупп», «Еврострой»,   «АС Курылыс», «Ондасын строй», «Альянс ЛТД, и «СМК-Атамекен» серіктестіктерінің де кестеден қалу себептері талқыланды. Мердігер ұйымдарға жүктелген тапсырма бірдей: құрылыс алаңдарындағы техника мен адам санын арттырып, ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша әр кезеңді қамтитын Жол картасын әзірлеу.

“Қосымша жұмыс қолы мен техниканы тартуға қаражаттарыңыз жоқ емес, бар – аванс төленді.  Шаруаны атқаруға еш кедергі жоқ. Жобалаушы ұйымдармен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбектену қажет – компанияларды таңдаған өздеріңіз. Жер учаскелерін алдыңыздар, ыңғайсыз болғандарын жергілікті атқарушы органдармен бірге ауыстырдық. Жол, инженерлік желілер бойынша проблемалық сұрақтарды да әкімдіктер біржақты етіп жатыр. Сондықтан сылтауларды ұмытып, жұмысқа білек сыбана кірісу керек”- деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов.

Сондай-ақ Мәулен Айманбетов мердігерлерге жер учаскесін жасыл және қызыл аймақтарға бөліп, ауыр техникаға арналған жолға бетон құйып, құрылысшылар тротуарына инертті материалды төсеуді жүктеді. Техникалық нысандарды да қалыпқа келтіріп, материалдарды сақтайтын қойма жасауды тапсырды.

Төрағасының блогы