Мәулен Айманбетов елдің оңтүстігінде жүрген уақытта Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров 16 ақпанда таңертең Қарағанды облысына келді. Ол өңірдегі жайлы мектептер құрылысының барысымен танысып, бірнеше құрылыс учаскелерін аралап көрді. Түстен кейін облыс әкімдігінде өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен кеңес өтті. Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов жеке қатыса алмаса да, жиынға онлайн қосылды.

     Бүгінгі таңда Қарағанды қаласының «Жаңа аудан» шағын ауданында 1200 орындық, сондай-ақ Үштөбе және Доскей ауылдарында әрқайсысы 300 орындық жайлы мектептердің құрылысына жауапты «Астана-Көктем С» ЖШС мердігерлік ұйымының жұмыс қарқыны алаңдатады. Осы учаскелерге барған кезде Төрағаның бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров барлық құжаттарды сұрап, мердігер бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін бір апта уақыт керектігін айтты. Кейін компаниямен келісімшартты бұзу бойынша нақты шешім жарияланады.

     Қарағанды қаласында, Бұқар Жырау және Шет аудандарында әрқайсысы 300 орындық 4 мектеп салып жатқан «Стинк ТФК» компаниясына жұмыс қарқынын жеделдету, кестеден қалыс қалмау үшін жұмысты бірнеше ауысымда ұйымдастыру тапсырылды.

     Қарағанды қаласының «Кең дала» шағын ауданында 2000 орындық мектеп салып жатқан «BiGlobal», «Голубые пруды» шағын ауданындағы біліом ошағының құрылысына жауапты «AN Groups» компанияларына осы қарқынмен жұмыс істеу және оқу жылы басталғанға дейін нысандардың құрылысын аяқтау жүктелді. 2024 жылдың 1 қыркүйегіне қарай Қарағанды облысында 7 жайлы мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. 3 мектеп жыл соңына дейін есігін айқара ашады. 2025 жылы тағы 8 мектеп салынып, іске қосылады. Жалпы, ұлттық жоба аясында өңірде 12,5 мың оқушыға арналған 18 жайлы мектеп пайда болады.

     Мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бөлігінде проблемалар жоқ. Бүгінгі таңда желілерді тарту қажет 3 учаскенің 2 бойынша ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан шықты, мердігерлер анықталды. Барлық жұмыстарды мектептер пайдалануға берілгенге дейін аяқтау жоспарланған.

     Құрылысы 2025 жылға жоспарланған мектептер үшін жер учаскелерін бөлу бойынша Қарағанды өңірі көшбасшылар қатарында. 5 мектеп бойынша учаскелер бөлініп, 3 мектеп бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

     Жалпы, Мәулен Айманбетов Қарағанды облысы басшылығы мен Samruk-Kazyna Construction бірлесіп атқарған жұмысқа риза екенін баса айтты. Ол өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа жауаптылығы мен ширақ қызметі үшін алғысын білдірді. Өңір басшысы ұлттық жобаны іске асыру барысын жеке бақылауында ұстайтынына және туындайтын барлық мәселелер бойынша барынша қолдау көрсетуге дайын екеніне сендірді.

Төрағасының блогы