17 ақпан күні сағат 11:00-де Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдерімен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бойынша жиналыс өтті. Ауа райы қолайсыздығы мен уақыты бірнеше рет кейінге шегерілген рейске байланысты Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов кездесуге онлайн режимде қатысты. Күн тәртібінде – болашақ оқу орындарының құрылыс барысы.

"Корпорация Ақ ордасы" ЖШС мегаполисте 3 жайлы мектепті тұрғызуда, оның екеуі 1200 оқушыға, тағы біреуі 1500 оқушыға арналған. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде, бірақ қарқынды үдетуге мүмкіндік бар. Ол үшін құрылыс компаниясы эскроу-шот арқылы аванс алуға өтініш беріп, "Қазпошта" АҚ-мен шарт жасасыпты. Қаражатты дирекция келесі аптаның бірінші жартысында аударады.

"А.Р.Т.-Құрылыс" серіктестігінің де қарқыны қуантарлық. Компания үш оқу орнының құрылысын белсенді жүргізуде. Мектептерді 1 қыркүйекке дейін қолданысқа тапсыру үшін учаскелердегі жұмысшылардың санын көбейту жоспарлануда, "Шымкентте оқушы орындарының тапшылығы мәселесі өткір тұр, сондықтан жаңа оқу жылына дейін білім беру мекемелерін ашу аса маңызды, балалар мұны күтіп отыр", - деп атап өтті "Samruk-Kazyna Construction" Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов.

Дәл осындай тапсырма "Ақжар" және "Бозарық" шағын аудандарында екі жайлы мектептің құрылысына жауапты "Отау Строй" серіктестігіне де жүктелді. Бір нысанның қуаты - 600, екіншісі 2000 оқушыға арналған. 1 наурыздан бастап мердігер ұйым тәулік бойы жұмыс істейтін болады.

«Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданының тұрғындары үшін де қуанышты жаңалық – Білім күнінде мұнда 1200 орындық мектеп есігін айқара ашпақ. Нысан мердігері -"Югстройсервис-Н" ЖШС. "Ontustik Construction" серіктестігінде де құрылыс бойынша проблемалар мен шешілмей жатқан сұрақтар жоқ. Компания ағымдағы жылы 2000 орындық 3 оқу орнын салады. Мердігер өтініш берген аванстық төлемдер келесі аптада аударылады. Жиын барысында Мәулен Айманбетов консорциум жетекшілеріне жайлы мектептерге арналған жиһазды таңдау бойынша жұмысты бастауды тапсырды. Ол үшін жергілікті нарықты толығымен зерттеп, тауарлардың сапасымен танысу қажет.

Әкімдік өкілдерімен кездесуде тараптар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мәселелерін талқылады. Бүгінгі таңда 8 жобалық-сметалық құжаттама бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, 4 жоба мамандармен тексерілуде. Кейін мердігерлерді анықтап, жұмыс басталып кетпек. Естеріңізге сала кетейік, "Білім туралы" Заңға сәйкес қажетті қызметтерді сатып алуды бір көзден жүргізуге болады.

2024-2025 жылдары Шымкент қаласында ұлттық жоба аясында жаңа форматтағы тағы 6 оқу орны салынады. Құрылысқа арналған жер учаскелері қарастырылған, бірақ олардың кейбіреулері бойынша сот процестері жүріп жатыр. Болашақ мектептер үшін аумақ толығымен босатылғаннан кейін, Samruk-Kazyna Construction атына рәсімделеді. Бұл конкурстық процедураларды өткізу және білім беру мекемелерін жобалау үшін міндетті шарт. Осыған байланысты Мәулен Айманбетов аталған бағыттағы шаруаға қарқын қосу қажеттігін қадап айтты.

Төрағасының блогы