Бүгін 22 ақпанда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесіп, шаһар әкімдігінде алқалы жиын өтті.  

     Мәжіліске Samruk-Kazyna Construction өкілдері, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және мердігерлер қатысты. Жиында Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы пысықталып, проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары қарастырылды.

     Мәулен Айманбетов жайлы мектептерді сыртқы инженерлік желілермен уақытылы қамтамасыз ету қажеттігін қадап айтты.  Бүгінде Шымкентте 8 мектеп бойынша инженерлік инфрақұрылымның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан сәтті өткен. 4 мектеп бойынша сраптама қорытындысы айдың соңында алынады деп күтілуде.

     Қала әкімі құрылыс сапалы болып, білім ошақтарын белгіленген мерзімде аяқтау керектігін ескертті. Жобаның жүзеге асуын тежеп тұрған бірқатар мәселелер ашық талқыланды.

     Шаһар басшысымен кездесуден соң Мәулен Айманбетов Шымкентте бой көтеріп жатқан бірқатар мектептің құрылыс алаңын аралап, жағдаймен танысты.  Ең алдымен «Тұран» шағын ауданындағы 1200 орындық жайлы мектептің құрылысын бағамдады, кейін «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданында салынып жатқан 1200 орындық білім ошағындағы және «Нұртас» шағын ауданында бой көтеріп жатқан 2000 орындық мектептегі ахуалды бағамдады. Мердігерлерге іске қарқын қосып, жұмысты 2-3 ауысымда ұйымдастыру жүктелді.

     Ал кешке, жұмыс уақытының аяқталғанына қарамастан Samruk-Kazyna Construction  басшысы Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша өңірлік өкілдердің егжей-тегжейлі есебін тыңдады. Әр нысан жеке-жеке қаралып, барлық проблемалық сұрақтар пысықталды. Ұлттық жобаны жергілікті жерде жүзеге асыруға жауапты компания мамандарына нақты тапсырмалар берілді. 

     Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 мектеп салынады. Оның ішінде 12 білім ошағы 2024 жылы пайдалануға берілмек.Қалған 6 мектеп 2025 жылы қолданысқа тапсырылады. 4 мектеп осы жылдың 1 қыркүйегінде шымкенттік бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашпақ.

Төрағасының блогы