Әрине, жүздеген мектептің құрылысын бақылау оңай емес. Алайда, Samruk-Kazyna Construction басшысы бұл мәселеде ерекше әдістің көмегіне жүгінген. «гемба кайдзен» әдістемесін басшылыққа ала отырып, ол барлық жайлы мектептерді өңірлер бойынша 4 дивизионға бөліп, әрқайсысына 3 орынбасары мен ұлттық жобаны іске асыру бойынша құрылыс департаменті директорын жауапты етіп бекітті. Бұл әдістің тиімділігі туралы осы материалда баяндаймыз.

ЖАПОНДЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Басқарудағы бұл өзгерістердің барлығы, әсіресе дивизиондарға бөлу әдісі «гемба кайдзен» философиясына негізделген. Оны кезінде әйгілі жапондық TOYOTA автомобиль бренді ендіріп, сәтті пайдаланып келеді.

«Гемба кайдзен» ұғымын «жұмыс орны мен процесстерін үздіксіз жақсарту» деп аударуға болады. Бұл әдіс, Мәулен Айманбетовтың айтуынша, мектептердің құрылыс сапасы мен мерзімін бақылауды айтарлықтай жеңілдетеді.

«Дивизиондарға бөлу арқылы басы артық бюрократия қысқарып, міндеттерді өзара тең бөлу қамтамасыз етіледі. Ұлттық жобаны іске асыру барысы тек менің шешімдеріме емес, дивизион басшыларының шешімдеріне тікелей байланысты болады. Бұл шешімдер үшін олар толықтай жауап береді», - деп түсіндірді Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы.

Біздің жағдайда «гемба» - бұл жайлы мектептер, яғни жұмыс жүргізіліп жатқан орын. «Кайдзен» - бұл барлық қызметкерлердің қатысуымен жұмыс процестерін үздіксіз жетілдіру.

«Дивизон басшылары өңірлерге жиі барып, жергілікті жерлерде туындаған барлық проблемалық мәселелерді тез шешіп отырады. Бұл өзара бәсекелестікті арттырады, өйткені олардың әрқайсысы неғұрлым жоғары нәтиже көрсетуге  ұмтылатын болады», – деді Айманбетов.

Сонымен қатар, бәсекелестікті арттыру үшін дивизион басшыларының қызметін бағалау критерийлері бекітілді. Егер дивизион негізгі КРІ көрсеткіштерін орындап, қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыра білсе, онда материалдық немесе басқа да сыйақы түрлері қарастырылған. 

Айтпақшы, бұл әдістеме «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын басқаруда ғана емес, тұстас «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қызметіне енгізілді. Басқарма Төрағасы компанияның бизнес-процестеріне жеке өзі қатысып, қызметкерлермен кеңесіп, олардың шығындарды азайту, кірістерді ұлғайту және компанияның қызмет өрісін кеңейту бойынша пікірлері мен ұсыныстарын тыңдайды.

Бұл жаңашылдықтарды енгізудегі басты мақсат - нәтижеге жету үшін кішкентай, бірақ нақты әрі тұрақты қадамдар жасау. Барлық қызметкерлер компанияның басты миссиясы – қазақстандықтарға тұрғын үй, мектеп салу және басқа да бағыттар бойынша сапалы қызмет көрсету екенін түсінуі тиіс.

«Біздің қызметтеріміздің басты тұтынушысы - республикамыздың тұрғындары. Сондықтан мен компания қызметкердерінің алдына өте маңызды мақсат қойдым - біз ұсынатын жұмыстар мен қызметтердің сапасына халық рища болуы тиіс. Ол үшін әрбір қызметкер өз өмірін жақсартып, жұмыстан ләззат алуға, өзін үнемі дамытып, жетілдіріп отыруға тиіс», - деп қорытындылады Мәулен Айманбетов.

«КАЙЗЕН» ІС ЖҮЗІНДЕ: ДИВИЗИОНДАР ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР?

Басқарудың жаңа әдістемесіне сәйкес 4 дивизион құрылып, әрқайсысының басшысы бекітілді. Қазірдің өзінде жұмысқа білек сыбана кірісіп, мектептердің құрылыс барысын бақылау үшін аймақтарда жұмыс сапарымен жүр.

1 ДИВИЗИОН

Бұл дивизионды Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров басқарады. Оның құрамына Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында салынып жатқан жайлы мектептер кірді.

5-7 наурыз аралығында дивизион басшысы өңірлерде жұмыс сапарымен болды. 5 наурызда Ғабит Малғаздаров Павлодар облысына келіп, өңір әкімінің орынбасары Айзада Құрмановамен кездесу өткізді. Тараптар жайлы мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Еске салсақ, білім ошақтарының шарбағына дейін сыртқы инженерлік желілерді тарту - бұл әкімдіктерге жүктелген міндет.  Әкім орынбасарының айтуынша, сыртқы желілердің ЖСҚ мемсараптамадан сәтті өтіп, мердігерлер анықталған. Айзада Құрманова бұл жұмыстар ағымдағы жылдың тамыз айында толық аяқталады деп сендірді.

Белгілі болғандай, «VentKarkaraServis» ЖШС Павлодарда салып жатқан 600 орындық жайлы мектептің құрылысында шешімін таппаған мәселе бар. Қолданыстағы кәріз желілері құрылыс аумағы арқылы өтеді екен. Қазір қала әкімдігі оларды аумақтан шығарып жатыр, алайда ақпан айында аяқталуы тиіс жұмыстар әлі де жалғасуда және тағы 2 айға созылуы мүмкін. Малғаздаров жергілікті атқарушы орган өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Нәтидесінде кәріз желілерін құрылыс аумағынан шығару бойынша жұмыстарды жеделдетіліп, тез арада аяқтау туралы келісімге келді.

6 наурызда 1 дивизионның басшысы Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовпен кездесті. Барлық жиналыстар мен кездесулердің нәтижесінде туындаған мәселелер жедел шешілді: мердігерлерге жұмысты 2-3 ауысымда ұйымдастырып, құрылыс қарқынын жеделдету бойынша тапсырмалар берілді, оқу жылы басталғанша тапсырылуы тиіс мектептердің тізімі өзектендірілді.

2 ДИВИЗИОН

2 дивизионның басшысы – ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі құрылыс департаментінің директоры Бағдат Азбаев. Дивизион құрамына Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында салынып жатқан жайлы мектептер кірді.

5 наурызда Алматы қаласы мәслихатының депутаттары мен «AMANAT» партиясының мүшелері Розыбакиев-Левитан көшелерінің қиылысында орналасқан 1500 орындық жайлы мектептің құрылыс барысымен танысты. Мердігер - «Bazis Construction» ЖШС. Халық қалаулылары білім ошағының құрылыс сапасы мен қарқынына оң баға берді.

3 ДИВИЗИОН

Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы жайлы мектептер Басқарма Төрағасының орынбасары Боранбай Болатбеков басқаратын 3 дивизионға кірді.

5 наурызда Шымкентте дивизион басшысы, қала әкімі аппаратының басшысы Ержан Сейтенов пен «Атамекен» қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Сабира Адамбекованың қатысуымен жиын өтті. Отырысқа жергілікті кәсіпкерлер мен жайлы мектептердің мердігерлері де қатысты. Жиһазбен жабдықтау және отандық тауар өндірушілердің ұлттық жобаға қатысуы мәселелері талқыланды.

 

Жиын қорытындысы бойынша 11 наурызда Шымкентте жиһаз көрмесін өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл көрмеде жергілікті жиһаз компаниялары өз өнімдерін көрсетеді. Кәсіпкерлерге өндіріс сапасы мен мерзімдері бойынша талаптар да түсіндіріледі.

4 ДИВИЗИОН

Басқарма Төрағасының ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі орынбасары Амангелді Саттаров басқаратын 4 дивизионның құрамына Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында салынып жатқан жайлы мектептер кірді. Дивизион басшысы 28 ақпанда бастап елдің батыс өңірлеріне жұмыс сапарымен аттанды.

5 наурызда Амангелді Саттаров Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновпен бірге Атырау қаласында салынып жатқан 6 жайлы мектептің құрылысымен танысты.

Мердігерлердің бірі «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС жұмысшылар алдында жалақы бойынша берешегі бар екен. Samruk-Kazyna Construction мердігерге 2023 жыл бойынша аванс төлемдерін толық көдемде аударған және өз тарапынан барлық міндеттемелерді мүлтіксіз орындады. Мердігер ұйымның басшысы өңір әкімімен диалог барысында бір апта ішінде барлық берешекті жабуға және жұмыс қарқынын жеделдетуге уәде берді. Әйтпесе, келісім-шарт біржақты тәртіппен бұзылып, жайлы мектептердің құрылысы басқа компанияға беріледі.

Мердігерлердің көбі 2024 жылға аванстық төлемдерді аудару мәселесін көтерді. Саттаров қаражатты алудың екі жолы бар екенін түсіндірді: не банктік кепілдік ұсыну, не эскроу-шот ашу арқылы құрылыс материалдары мен жабдықтарды тікелей сатып алу.

Дәл сол күні Қызылордада Samruk-Kazyna Construction, облыстық білім және құрылыс басқармалары өкілдерінің қатысуымен отырыс өтті. Жұмыс кездесуіне өңірлік жиһаз өндірушілері мен жайлы мектептердің мердігерлері шақырылды. Жиын барысында жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндіктері бағаланып, білім ошақтары үшін жиһаз әзірлеу сапасы мен мерзімдері бойынша талаптар түсіндірді.

 

Жайлы мектептердің уақтылы қолданысқа тапсырылуын қамтамасыз ету үшін барлық 4 дивизионның басшылары өңірлерге жүйелі түрде іссапармен барып, жергілікті жерлерде туындаған проблемалық және басқа да мәселелерді шешуге тиіс. Естеріңізге сала кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы бойынша барлық өңірлерде бір уақытта 208 білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Оларды ағымдағы жылы тапсыру жоспарланған: 98 мектепті 1 қыркүйекке дейін, ал қалған 110 мектепті жыл соңына дейін. 2025 жылы тағы 151 мектеп есігін айқара ашады.

Төрағасының блогы