Қазақстанның батыс өңірлерінде тасқынның екінші толқыны күтілуде. Қазір қызыл суға қарсы дайындық күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Бөгеттерді тұрғызып, өзендер жағасын нығайтуға жайлы мектеп мердігерлері де жұмылдырылған.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарындағы жайлы мектептердің құрылысшылары тасқынға қарсы шаруаларға атсалысып жатыр. Өңірлердегі білім ошақтарын тұрғызу қарқыны төмендеп, екі учаске бойынша іс мүлдем тоқтатылды. Құлсарыдағы 1200 орындық мектеп пен Пугачев елді мекеніндегі 300 орындық нысан әлі су астында. Петропавл қаласындағы 600 орынға шақталған оқу орнының аумағында ішкі бөгет салу жұмыстары жалғасып жатыр. Учаскедегі құрылысшылар саны 30-ға дейін қысқарған. «Единство» ЖШС қалған ресурсы толығымен аймақтағы табиғи апатпен күреске жөнелтілген.

Өз отандастарына көмекке Маңғыстау облысының 5 мердігерлік ұйымы келіп отыр. Компаниялар резервтегі техниканың барлығын тасқынға қарсы шаруаға жіберген. 23 бірлік техника көлеміндегі үлкен көмекті «СМК-Атамекен» ЖШС көрсетті.   Ауыр машиналардың 18-і Атырау қаласында, ал қалғаны Құлсарыда бөгеттерді тұрғызып, өзен жағасын нығайтуға тартылған. Сондай-ақ, мердігерлік ұйым қос шаһарға 500 тонна және 87 вагон қиыршық тас та жөнелтті.

«Альянс ЛТД», «Ондасын Строй», «АС Құрылыс» және «Еврострой-А» серіктестіктері де көмек көрсетуден шет қалмады. Орал, Атырау мен Құлсарыдағы тасқын сумен күреске компаниялар 20-дан астам техника жіберді. Бұл ретте Маңғыстау облысындағы биыл тапсырылуы тиіс 13 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Қызыл судың екінші толқынына байланысты қауіп төніп тұрған ұлттық жоба аясында бой көтеріп жатқан білім ошақтарының саны артты. Тасқын күшейгеннен кейін Батыс Қазақстандағы 9 нысанды, Атырау облысындағы 6 жайлы мектепті су басуы мүмкін.

Төрағасының блогы